«Қазгидромет» экологиялық антирейтингті ұсынды
Қазақстандағы ауа сапасының жай-күйі туралы кезекті есеп жарияланды. «Қазгидромет» мамандары еліміздің 69 елді мекеніндегі 174 бекеттің деректерін сараптап, экологиялық антирейтингті ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Зерттеу нәтижесі бойынша, еліміздегі ең лас ауамен Қарағанды қаласының тұрғындары тыныстап отыр. Тек ақпан айының өзінде бұл шаһарда атмосфераның жоғары деңгейде ластануының 55 жағдайы тіркелген. Қарағанды биыл екінші рет антирейтингте көш бастап отыр.
Қарағанды, Сәтбаев және Абай – ластану деңгейі ең жоғары өңірлер;
Алматы, Астана және Өскемен – жоғары ластану деңгейі тіркелген 9 қаланың қатарында;
Шымкент, Ақтөбе, Атырау – көрсеткіштері жоғарылаған тағы 18 қаланың тізімінде.
Мамандардың айтуынша, ластанудың негізгі себептері – өндіріс орындарының қалдықтары, көлік түтіні және жылыту маусымындағы көмір жағу кезеңі.
Экологиялық жағдайы тұрақты және ауасы таза қалалар да анықталды. Рейтинг бойынша ең таза қалалар қатарына Көкшетау, Орал және Қызылорда енді.