Қызмет автоматтандырылып, өтініш беру уақыты қысқарды
eGov.kz порталында еңбек иммигранттарына рұқсат беру және оны ұзарту қызметі жаңартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Енді шетел азаматтары Қазақстан аумағында жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмыс істеуге арналған рұқсатты онлайн түрде рәсімдеп, оның мерзімін ұзарта алады. Жаңартылған жүйе құжаттарды тапсыру үдерісін жеңілдетіп, бірқатар деректерді автоматты түрде енгізуге мүмкіндік береді.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Даулет Бекмановтың мәліметінше, қызметті жаңарту мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияны күшейтіп, тексерулердің бір бөлігін автоматтандыруға жол ашқан. Соның нәтижесінде қағаз құжаттардың саны азайып, қызмет алу үдерісі анағұрлым ыңғайлы әрі жылдам болған.
Жаңартудан кейін пайдаланушылар кейбір құжаттарды қолмен жүктемейді. Атап айтқанда, медициналық анықтама (028/у) мен сақтандыру деректері жүйеге автоматты түрде тартылады. Бұл қателік ықтималдығын төмендетіп, өтініш беру уақытын қысқартады.
Өтініш беру үшін шетел азаматы алдын ала көші-қон талаптарын орындауы тиіс. Оның ішінде шақырту алу, жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) рәсімдеу және Қазақстанның мобильді азаматтар базасында тіркелген телефон нөмірінің болуы міндетті.
Жүйе өтінішті толтыру кезінде автоматты тексеру жүргізеді. Егер деректерде сәйкессіздік анықталса немесе ақпарат жеткіліксіз болса, пайдаланушыға тиісті хабарлама шығып, кемшіліктер жойылғанға дейін өтініш жіберілмейді.
Өтініш жолданғаннан кейін оның мәртебесін eGov.kz порталындағы Жеке кабинеттен бақылауға болады. Рұқсат беру немесе оны ұзарту туралы шешімді ішкі істер органдарымен келісілген соң жергілікті атқарушы органдар қабылдайды.
Рұқсат еңбек иммигранттарын тарту квотасы аясында 1 айдан 12 айға дейін беріледі. Қызметті Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы да алуға мүмкіндік сақталған.
Жаңарту ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне қарасты Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, Ішкі істер министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Мемлекеттік кредиттік бюроның бірлескен жұмысы нәтижесінде іске асқан.