Астанада Наурыз мейрамын тойлау уақытында стадион маңында көлік қозғалысы шектеледі

Автор: Асыл Арман

Іс-шаралар 21-22 наурыз күндері қаланың негізгі алаңдарында өтеді

Фото: fcastana.kz

Астана әкімдігі Наурыз мейрамын тойлау уақытында стадион маңында көлік қозғалысы шектелетінін хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Әкімдік мәліметінше, 21-22 наурыз күндері қаланың негізгі алаңдарында ауқымды іс-шаралар өтеді. Олар қала әкімдігі алдындағы алаңда, «Қазақ елі» монументі жанындағы алаңда, «Астана Арена» стадионының автотұрағында, «Ататүрік» саябағында, Astana Music Hall автотұрағында және ЭКСПО аумағында ұйымдастырылады.

Іс-шаралар уақытында қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында 21-22 наурыз күндері «Астана Арена» стадионы маңында көлік қозғалысы уақытша шектеледі. Шектеу «Алау» мұз сарайы жағындағы көше мен стадионның шығыс жағы арқылы өтетін көшені қамтиды.

«Шектеулер сағат 10:00-ден бастап, мерекелік іс-шаралар аяқталғанға дейін жалғасады. Жүргізушілер жол жүру бағытын алдын ала жоспарлап, мүмкін болар өзгерістерді ескеруі қажет.

Айта кетейік, «Наурызнаманың» онкүндігі аясында қалада 200-ден астам іс-шара – концерттер, ұлттық ойындар, жәрмеңкелер, шеберлік сабақтары және салт-дәстүр көрсетілімдері өтіп жатыр», – делінген әкімдік хабарламасында.