Атырау өңірінде алты айлық сәби облыстық ауруханаға барар жолда көз жұмды

Автор: Асыл Арман

Сәбиге нақты диагноз қойылмаған

Фото: istockphoto.com

Атырау облысында алты айлық сәби облыстық ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.

Сәбидің дене қызуы көтеріліп, жағдайы нашарлаған. Ата-анасының айтуынша, аудандық ауруханада дәрігерлер ұзақ уақыт нақты диагноз қоя алмай, қажетті емді дер кезінде тағайындамаған. Баланың жағдайы күрт нашарлаған соң, отбасы оны Атырау қаласына өздері алып баруға шешім қабылдаған. Жол шамамен алты сағатқа созылған.

«Бізге нақты диагноз қойылмады, тиісті ем көрсетілмеді, санитарлық авиация да берілмеді. Соның салдарынан баланы алты сағаттай жолда тасымалдадық, ақыры ол көз жұмды», – дейді ата-анасы.

Олардың айтуынша, дәрігерлік консилиум кезінде санаавиация жүргізу ұсынылмаған, бұл жағдайдың ушығуына әсер етуі мүмкін болған. Сәби Атырау қаласына жеткенде, облыстық аурухананың кіреберісінде қайтыс болған.

Қазіргі уақытта бала өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалған жоқ. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы тексеріс жүргізіп жатыр.

«Бір жасқа дейінгі балалардың өлімі міндетті түрде сот-медициналық сараптамадан өтеді. Оның қорытындысына сәйкес тиісті шаралар қабылданады», – деді Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев.

Оқиғаның мән-жайы анықталуда.