Қостанайда ер адам экс-әйелін мылтығымен атып өлтіріп, артынша полицияға өзі берілген

Автор: Асыл Арман

Оның аңшылық мылтығы тәркіленді

Фото: freepik.com

Қостанайда ер адам экс-әйелін атып өлтіріп, артынша полицияға өзі барып берілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өкінішке қарай, қайғылы оқиғаны облыстық Полиция департаменті ресми түрде растап, агенттік тілшісіне пікір берді.

«Қостанай қаласының 37 жастағы тұрғынының өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті – марқұмның бұрынғы жұбайы, ол өз еркімен полицияға келіп, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Алдын ала мәліметтер бойынша, әйел тұрмыстық жанжал барысында алған оқ жарақаты салдарынан қайтыс болған. Күдіктіге тиесілі тіркелген аңшылық мылтық тәркіленді», – делінген облыстық ПД хабарламасында.

Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.