136,5 млн теңгеге сан соқтырған: Көкшетауда қаржы пирамидасын ұйымдастырған үш адам сотталды

Автор: Алмас Ерсін

Алаяқтар әлеуметтік желілер арқылы азаматтарды қаржы пирамидасына тартқан

Фотоколлаж: Azattyq ruhy

Көкшетауда «S-Group» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көкшетау қалалық соты «S-Group» қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету айыбымен Ж., З. және А.-ға қатысты қылмыстық істі қарады.

Сотталушылар алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен әрекет етіп, аса ірі көлемде қаражат тартқан, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен электронды ресурстар арқылы пирамиданы жарнамалаған. Соның салдарынан азаматтарға елеулі қаржылық шығын келтірілген.

Қаржы пирамидасының жұмыс схемасы

Ж. 2020 жылдың ақпан айынан бастап салымшы бола отырып және заңсыз табысқа ие болып, Көкшетауда «S-Group» бөлімшесін құрып, оған жетекшілік еткен.

2020 жылдың қазан айында ол бұрын басқа қаржы пирамидаларына қатысқан З.-ны тартқан.

2021 жылдың мамыр айында схемаға А. қосылып, әлеуметтік желілер арқылы салымшыларды белсенді түрде тартқан.

Алданған азаматтар жоғары табысқа үміттеніп, ақша салған. Түскен қаражат пирамиданың басшылары мен оған дейін кірген қатысушылар арасында бөлінген.

Тартылған қаражаттың жалпы көлемі 136,5 млн теңгені құраған.

2024 жылдың маусымында А. жәбірленуші Ш.-ның атына банктен несие рәсімдеу арқылы жеке алаяқтық жасап, 30 млн теңгені иемденген.

Сот үкімі

Ж. мен З. әрқайсысы 6 жылға бас бостандығынан айырылды (З.-ға мінез-құлқына бақылау белгілене отырып, 1 жылға жаза өтеу мерзімі кейінге қалдырылған).

А.-ға 6 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Мүлкі тәркіленді: пәтерлер, автотұрақ орындары, автокөліктер, гараж, жер телімі, ұялы телефондар.

Сонымен қатар мемлекет кірісіне 136,5 млн теңге тәркіленді.

Жәбірленушілердің пайдасына 1,6 млн теңге өкілдік шығындары және А.-дан 30 млн теңге өндірілді.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.