Президентке уран өндіруші өңірлерді әлеуметтік қолдау туралы ақпарат ұсынылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповты қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президентке компания қызметінің былтырғы нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған жоспары жөнінде мәлімет берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткен жылдың қорытындысы бойынша холдингтің өндіріс көлемі 25,8 мың тонна уранды құрағаны, соның ішінде компания үлесіне 13,5 мың тонна тиесілі екені баяндалды. Сауда-саттық көлемі 11 пайызға өсіп, 18,5 мың тонна болды.
Мейіржан Юсупов мемлекет басшысының бұған дейін берген тапсырмаларын орындау аясында «Қазатомөнеркәсіп» еліміздің минерал-шикізат базасын ұлғайту және геологиялық барлау жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келе жатқанын атап өтті. Жалпы ауданы 1 мың шаршы шақырымнан асатын алты жаңа перспективалы уран учаскесінен тұратын портфель қалыптасты, ал 2030 жылға дейін геологиялық барлау жұмыстарына жоспарланған инвестициялардың жалпы көлемі 75-85 миллиард теңгені құрайды.
Президентке уран өндіруші өңірлерді әлеуметтік қолдау туралы ақпарат ұсынылды. Мәселен, 2025 жылы компания облыстардың әлеуметтік-экономикалық дамуына 11 миллиард теңгеден аса, соның ішінде келісімшарттық міндеттемелер аясында 6 миллиард теңге қаражат бөлді.
2025-2034 жылдарға арналған даму стратегиясына сәйкес, компания жаңа өткізу нарықтарына қатысуды кеңейтіп келеді. Былтыр швейцариялық AxpoPower AG, чехиялық ČEZ Group және жапондық Kansai Electric Power Co., Inc. компанияларымен уран жеткізу жөнінде келісімшарттар жасалды. Қазіргі уақытта Үндістанға табиғи уран концентраттарын жеткізу бойынша ұзақмерзімді келісімшарт жасау жөніндегі жұмыстар жалғасуда.
Кәсіпорын ғылыми зерттеулер мен инновациялар саласындағы жобаларға да атсалысады. Өндіріс тиімділігін арттыруға, экологиялық зиянды азайтуға және озық технологияларды енгізуге бағытталған 2034 жылға дейінгі ғылыми-технологиялық даму стратегиясы әзірленді.
Сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіптің» жария компания ретіндегі жетістіктері атап өтілді. 2018 жылы IPO-ға шыққан сәттен бастап компанияның нарықтық капиталдандырылуы 7 еседен аса өсті.
Кездесу соңында мемлекет басшысы ресурстық базаны одан әрі дамыту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және әлеуметтік бастамаларды іске асыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.