Ол жәбірленушімен әлеуметтік желі арқылы танысқаны айтылды.
Кәмелетке толмаған қызды зорлады деп айыпталған бұрынғы шенеунік Орал қаласындағы тергеу изоляторында қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Уральская неделя» басылымына сілтеме жасап.
Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, өлімге жүрек жеткіліксіздігі себеп болуы мүмкін. Өйткені бұған дейін де оның жағдайы нашарлағаны айтылған. Дереккөздердің мәліметінше, бұл атқару жүйесі үшін өте күрделі төтенше жағдай.
Шыңғырлау ауданының жер қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы, 57 жастағы Әлібек Жүпіловті жерлеу рәсімі 19 наурызда өтеді.
Қаңтар айында оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы «Кәмелетке толмағанды зорлау» бойынша тергеу басталған. Қылмыстық іс сотқа жолдауға дайындалып жатқан.
Жәбірленуші – Ақсай қаласының 16 жастағы тұрғыны. Оның айтуынша, ол қызбен әлеуметтік желі арқылы жас жігіт болып танысып, хат жазысып жүрген, кейін қонаққа шақырған. Қызға такси шақыртып, үйіне кіргізіп, күш көрсеткен.
Қыздың ата-анасы олардың қызы айыпталған шенеуніктің жалғыз құрбаны емес екенін мәлімдеді.
Шыңғырлау ауданы әкімдігі Жүпілов қаңтардың соңында өз еркімен қызметінен кеткенін айтты.