Жылы күндер келе жатыр: Қазақстанда алдағы үш күнде ауа райы 20 градус болады

Автор: Асыл Арман

Синоптиктердің болжамы белгілі болды

Фото: istockphoto.com

«Қазгидромет» РМК алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Синоптиктердің мәліметінше, алдағы күндері Қазақстанның басым бөлігінде күндізгі ауа температурасының одан әрі жылынуы күтіледі. Алайда елдің солтүстігінде және оңтүстіктің таулы аймақтарында ауа райы тұрақсыз болады.

Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты жауын-шашын (жаңбыр, қар), көктайғақ және желдің күшеюі күтіледі. Республика бойынша тұман болуы ықтимал.

«Күндіз ауа температурасы батыс өңірлерде +10…+15°С-қа дейін, оңтүстікте +15…+20°С-қа дейін көтеріледі. Ал солтүстік пен шығыс өңірлерде +3…+8°С шамасында болады», – делінген ауа райы болжамында.