Әлем кубогы: гимнасшы Зейнолла Ыдырысов күміс медаль жеңіп алды

Автор: Дәулет Ботагөз

Ол ат снарядындағы жаттығуда үздік үштікке енді

Фото: Getty Images

Спорттық гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Зейнолла Ыдырысов Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан Әлем кубогы кезеңінде жетістікке жетті. Отандық гимнасшы ат снарядындағы жаттығуда үздік үштікке енді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Ат снарядындағы финалдық бәсекеде Зейнолла Ыдырысов жоғары шеберлік көрсетіп, төрешілерден 13,733 ұпай алды. Бұл нәтиже оған Әлем кубогының күміс жүлдесін иеленуге мүмкіндік берді.

Бұл сында алтын медальді ирландиялық Олимпиада чемпионы Рис Маккленаган (13,900 балл) жеңіп алса, қола жүлде тағы бір Ирландия өкілі Джейм Хиккиге (13,566 балл) бұйырды. Қазақстандық спортшының әлемдік деңгейдегі спортшылармен терезесі тең өнер көрсетуі мамандардың жоғары бағасына ие болды.

Антальядағы дода мұнымен аяқталмайды. Жақын арада тағы бір отандасымыз бақ сынайды: Роман Маменов тірек секіру жаттығуы бойынша финалда өнер көрсетіп, жүлдеге таласады.