Қызылордада жастар дауыс беру сәтін әлеуметтік желіде көрсетіп жатыр - бақылаушы

Автор: Темірхан Айжан

Сондай-ақ, бүгінгі референдумның «Амал» мерекесімен тұспа-тұс келуі саяси науқанға мерекелік реңк берген

Фото: Azattyq Rýhy

Қызылорда облысының тұрғындары жаңа Конституция жобасы бойынша бүкілхалықтық референдумда белсенді дауыс беріп жатыр.  Учаскелерге жастар жағы көптеп келуде. Бұл туралы аймақтағы дауыс беру барысын бақылап отырған «AMANAT» партиясының бақылаушысы Ақжол Қожаберген айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның сөзінше, дауыс беру процесі белгіленген уақытта, қалыпты жағдайда басталған.

«Учаскедегі жұмыс таңертең Мемлекеттік гимнді орындаудан басталды. Саяси науқанның маңызын ескере отырып, алғашқы дауыс берушілерге арнайы естелік сыйлықтар табыс етілді. Тұрғындар үшін мерекелік атмосфера жасау мақсатында ұлттық ойындар мен конкурстар ұйымдастырылып, дастарқан жайылып, бауырсақ пен тәттілер үлестірілді», - деді бақылаушы.

Ақжол Қожабергеннің болжамынша, кешке дейін округтегі сайлаушылардың басым бөлігі өз таңдауын жасап үлгереді.

Бақылаушы жас буынның ерекше белсенділігіне де назар аударды. Қазіргі трендке сай, жастар дауыс беру сәтін әлеуметтік желілерде кеңінен жариялап жатыр.

«Жастар бұл саяси оқиғаға үлкен қызығушылықпен қарап отыр. Көбі учаскеде суретке түсіп, Instagram желісіне рилстер мен қысқа видеолар жариялау арқылы өздерінің азаматтық позициясын ашық көрсетуде», - деп атап өтті ол.

Сондай-ақ, бүгінгі референдумның «Амал» мерекесімен тұспа-тұс келуі саяси науқанға мерекелік реңк берген. Учаскеге келуші үлкен буын өкілдері мен қариялардың басым бөлігі ұлттық киім киіп келіп, дауыс беріп жатыр.

Қазіргі уақытта бақылаушылар тарапынан дауыс беру процесін ұйымдастыруға қатысты ешқандай заң бұзушылықтар немесе елеулі ескертулер тіркелген жоқ.