Жәрмеңкелер қаланың жеті алаңында өтіп жатыр
Астанада «Nauryz Sale» демалыс күндері өтетін ауқымды азық-түлік жәрмеңкелері өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жәрмеңкелер қаланың жеті алаңында өтіп жатыр:
Келушілер көкөністер мен жеміс-жидектерді, ет және сүт өнімдерін, шұжық өнімдерін, ұн, жарма, нан-тоқаш өнімдерін, табиғи шырындар, тосап, бал және басқа да азық-түлік тауарларын тиімді бағада сатып ала алады. Сөрелерде жергілікті фермерлер мен Қазақстанның түрлі өңірлеріндегі өндірушілердің өнімдері ұсынылған.
«Елорда тұрғыны ретінде айтарым, мұндай жәрмеңкелер – жаңа әрі сапалы өнімдерді қолжетімді бағада сатып алуға тамаша мүмкіндік. Әсіресе еттің әрдайым жаңа болатыны қуантады, ал оның бір килограмының бағасы шамамен 3400-3500 теңге болуы – әбден қолайлы. Мұндай жәрмеңкелерге көкөніс, жеміс-жидек және сүт өнімдерін алу үшін жиі келемін, таңдау көп, бәрі табиғи әрі дәмді.
Мұнда әрдайым қызу атмосфера байқалады: адамдар көп, сатушылардың жүзі жылы, отбасыға қажеттінің бәрін асықпай таңдауға болады. Қала тұрғындары үшін осындай жәрмеңкелердің тұрақты түрде өткізіліп тұрғаны өте жақсы», – деді елорда тұрғындарының бірі.
Мұндай жәрмеңкелерді өткізу бағаны тұрақтандыруға, елорда тұрғындарын қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуге, сондай-ақ отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған.
Сонымен қатар елордада мерекелік жеңілдіктердің ауқымды акциясы өтіп жатыр.
«13-23 наурыз аралығында он күн бойы акция аясында тұрғындарға азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарларға – киім, аяқ киім, тұрмыстық техника, косметика мен парфюмерияға, сондай-ақ үйге арналған тауарларға мерекелік жеңілдіктер ұсынылады. Акцияға елорданың сауда үйлері, сауда-ойын-сауық орталықтары және сауда желілері қатысып жатыр. Бұдан бөлек, осы демалыс күндері ауқымды азық-түлік жәрмеңкелері өтуде.
Бұл жәрмеңкелер елорда тұрғындары мен қонақтарын сапалы әрі қолжетімді өнімдермен қамтамасыз етуге, сондай-ақ Наурызнама мерекесі аясында мерекелік атмосфера қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жанабаев.
Акцияға қатысушылар қатарында «Magnum», «Small», «Galmart», «Анвар» сауда желілері, сондай-ақ «Mega Silk Way», «Хан Шатыр», «Asia Park», «GreenMall» және «Сарыарқа» сауда-ойын-сауық орталықтары бар.