Тұрғындар Наурыз мерекесі қарсаңындағы референдумға ұлттық киім киіп келіп жатыр
«AMANAT» партиясының бақылаушысы Ақкүміс Мурадимова Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Жымпиты ауылындағы №290 сайлау учаскесінде дауыс беру белсенді өтіп жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта тұрғындардың белсенділігі жоғары.
«Таңертеңнен бастап сайлаушылар легі үзілген жоқ. Әсіресе, үлкен жастағы тұрғындар белсенді қатысып жатыр. Мәселен, жасы тоқсаннан асқан қария келіп, өз дауысын берді. 90 жастағы ауыл ақсақалы Шамаров Қаршыға алғашқылардың бірі болып өз таңдауын жасады. Комиссия мүшелері қарияға құрмет көрсетті. Жалпы үлкендеріміздің белсенділігі ерекше байқалады. Жасы үлкен қариялар өз аяқтарымен келіп, дауыс беріп жатыр. Олар елдің болашағына бейжай қарамайтынын көрсетіп, азаматтық парызын орындап жатыр. Көпшілігі «елде тыныштық болсын, бірлік пен береке болсын» деген тілектерін айтып өтті», - деді Ақкүміс Мурадимова.
Бақылаушы атағандай, референдум Наурыз мерекесі қарсаңына тұспа-тұс келгендіктен, дауыс беруге келгендердің бір бөлігі ұлттық киім киіп келген. Бұл учаскедегі ерекше көріністердің бірі болды. Бақылаушының айтуынша, қазіргі уақытқа дейін ешқандай ерекше жағдай немесе заң бұзу фактісі тіркелмеген. Дауыс беруге келген тұрғындардың саны көп, халықтың белсенділігі жақсы деңгейде.