Референдум мен 18 жасы қатар келді: Ұлттық ұланның сарбазы өмірінде алғаш рет дауыс берді

Автор: Асыл Арман

Туған күнінде алғаш рет дауыс берді

Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Ұлттық ұлан сарбазы жаңа Конституция бойынша өтіп жатқан референдум күні 18 жасқа толып отыр. Ол бүгін өмірінде алғаш рет сайлауда дауыс берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде референдумды жоғары деңгейде өткізу үшін барлық жағдай жасалды. Жалпы саны 36 сайлау учаскесі ашылып, әскери қызметшілердің конституциялық құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік берілді. Дауыс беру рәсімі заң талаптарына сай, ашықтық пен айқындық қағидаттары негізінде ұйымдастырылды.

Бұл күн әсіресе 5573 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Артур Яровой үшін айрықша есте қалды. Себебі ол өмірінде алғаш рет дауыс беріп отыр және бұл маңызды сәт оның туған күнімен тұспа-тұс келді», – делінген Ұлттық ұланның хабарламасында.

Артурдың айтуынша, әскери қызметте жүріп ел тағдырына қатысты саяси науқанға қатысу – үлкен жауапкершілік. Оның сөзінше, мұндай сәт әр азаматтың ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетеді.

Референдумға офицерлер, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер, олардың отбасы мүшелері, ардагерлер және мерзімді қызметтегі сарбаздар қатысып жатыр. Көптеген жас сарбаз үшін бұл алғашқы дауыс беру тәжірибесі болды.

Ұлттық ұланның бас қолбасшысы туған күн иесі мен бірінші рет саяси науқанға қатысып отырған әскери қызметшілерді құттықтап, азаматтық белсенділік танытқандары үшін алғыс білдірді.