Мұндай кезде зиянды заттар жерге жақын қабатта жиналып қалады
15 наурыз күні Қазақстанның бірқатар өңірінде қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты ауаның ластануы күтілуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.
Синоптиктердің болжамынша, зиянды заттардың атмосфераның төменгі қабатында жиналуына ықпал ететін ахуал мына қалаларда байқалады: Алматы, Орал, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған, Теміртау, Ақтөбе, Қостанай мен Атырау қаласында.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – бұл әлсіз жел, тұман және инверсия сияқты факторлардың жиынтығы. Мұндай кезде өндіріс орындары мен көліктерден бөлінетін зиянды қалдықтар ауаға тарап кетпей, жерге жақын қабатта жиналып қалады. Бұл ауа сапасының күрт нашарларуына және адам денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін.
Ауаның ластану деңгейі артқан кезде келесі қауіпсіздік шараларын сақтау маңызды:
1. Тас жолдар мен зауыт маңында серуендеуден бас тартқан жөн. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ уақыт сыртта жүруге кеңес берілмейді.
2. Созылмалы өкпе, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар жандар өзімен бірге қажетті дәрі-дәрмектерін алып жүруі тиіс.
3. Ашық аспан астында жаттығу жасаудан уақытша бас тартып, спортпен жабық кешендерде айналысқан абзал.