Тыныштық күні үгіт жүргізген: прокурор бірнеше адам заңмен жазаланғанын мәлім етті
Прокурорлар референдум өткізу барысында заңдылықты қамтамасыз етіп жатыр
Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі басқармасының басшысы Бекжан Қараманов жаңа жаңа Конституцияға байланысты референдумдағы жағдайдан хабардар етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол сөз басында прокуратура органдары республикалық референдум өткізу барысында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды қамтамасыз етіп жатқанын мәлім етті.
«Кеше қоғамдық пікірге екі заңсыз сауал салу және тыныштық күні үгіт жүргізудің екі фактісі тіркелді. Олар анықталып, кінәсін толық мойындады. Оларға айыппұл салынып, заңсыз постары жойылды.
Бүгін дауыс беру күні үгітке тыйым салынғанын тағы да естеріңізге салғым келеді. Сонымен қатар, қоғамдық пікірге сауал салу, нәтижелерін БАҚ-та және онлайн платформаларда жариялауға болмайды. Мұндай сауал салуды дауыс беру үй-жайында немесе дауыс беру пунктінде жүргізуге де тыйым салынған. Сондықтан заң талаптарын мүлтіксіз орындауға шақырамын. Бұл талаптарды сақтамау әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 102 және 120-баптары бойынша әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады», – дейді Бекжан Қараманов.
Ол сөзін жалғай отырып, дауыс беру қазіргі уақытта заң аясында өтіп жатқанын тілге тиек етті.
«Енді референдумға қатысты өтініштерге тоқталар болсақ, бұл күндері прокуратура мен соттар оларды қарауға міндетті. Бүгінгі таңда прокуратура органдары мен соттарға мұндай өтініштер түскен жоқ. Жалпы дауыс беру процесі құқықтық алаң аясында өтіп жатыр. Референдум өткізуде заңдылықты сақтауды қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасып жатыр», – дейді прокурор.