Мәжіліс төрағасы референдум күні қоғамдағы көңіл күйдің оң екенін айтты
ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Астана қаласындағы ҚТЖ ғимаратында орналасқан №128 референдум учаскесінде дауыс берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжіліс төрағасы дауыс беру күні қоғамдағы көңіл күйдің оң екенін айтты.
«Жалпы көңіл күй өте жақсы. Саяси тұрғыдан да, ел бойынша да адамдардың көңіл күйі көтеріңкі деуге болады. Бүгін барлық қазақстандықтың көңілі жақсы деп ойлаймын, өйткені бүгін – тарихи күн. Бүгін біз еліміздің және халқымыздың болашағын айқындап жатырмыз», – деді Қошанов.
Ол референдум ашық әрі әділ өтетініне сенім білдірді.
«Референдумның адал, ашық және әділ өтетініне еш күмәнім жоқ. Біз ел өңірлерін аралап, халықтың көңіл күйін көрдік, тұрғындардың қолдауын сезіндік. Сондықтан қандай да бір заңбұзушылық болуы мүмкін деген негіз көріп тұрған жоқпын», – деп қосты ол.
Мәжіліс төрағасы соңғы жылдары елде өткен референдумдарды да еске алды.
«Соңғы төрт жылда бұл – үшінші референдум. Бұған дейін жер қойнауы мен табиғи байлықтардың халыққа тиесілі екені туралы норма бекітілді. Сондай-ақ президент өкілеттігі мен билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікке қатысты өзгерістер енгізілді. Алдыңғы екі референдумда халықтың белсенділігі мен қолдауын өздеріңіз көрдіңіздер. Бүгін де сондай белсенділік болады деп сенемін», – деді ол.