$ 491.29  562.92  6.1
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Отбасының жоғалу құпиясын «ашты»: «Атырау хакері» Түркияда ұсталды

Ол Атырауда жоғалған отбасының ісіне қатысты деректерді таратқан болатын

Отбасының жоғалу құпиясын «ашты»: «Атырау хакері» Түркияда ұсталды
Фото: istockphoto.com

Әлеуметтік желілерде «Атыраудан шыққан хакер» атымен танылған Атырау облысының тұрғыны Түркияда ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy  «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.

Операция Самсун қаласында Интерпол қызметкерлерінің қатысуымен жүргізілді.   

Бұған дейін Полиция департаментінде ер адамның алаяқтықтың бірнеше эпизоды бойынша күдікті ретінде танылғаны мәлім болған. Оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Құрманғазы ауданының тұрғыны түрлі сылтаулармен – инвестиция салу, IT саласында оқыту, аккаунттарды бұғаттан шығару, ақша қаражатын шешіп беруге көмектесу және техника сату секілді ұсыныстар арқылы адамдарды жаңылыстырып, олардың ақшасын иемденіп отырған. Келтірілген жалпы шығын көлемі 13 млн теңгеден асады.

Қаңтар айында Атырау қаласының Мамандандырылған тергеу соты күдіктіге қатысты сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған.

«Күдіктіге халықаралық іздеу жарияланған. Ақпан айында ол Түркияның Самсун қаласында ұсталды. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы күдіктіні беру (экстрадициялау) туралы сұрау салуды дайындау үшін өтініш жолдады», – деді облыстық прокуратура.

Бұған дейін ер адам Атырау облысында бір отбасының жұмбақ жағдайда жоғалып кетуіне байланысты резонансты оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде кеңінен танымал болған. Сол кезде интернетте оның өзін "Атыраудан шыққан хакермін" деп таныстырып, бұл істі өз бетінше тергеп жатқанын айтқан видеосы тараған.

Жарияланымдарында ол болжамды геолокациялар, телефон байланыстары және басқа да деректерді көрсеткен.

Бұл бейнероликтер Instagram желісінде тез тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ер адам бұған дейін Қазақстаннан тыс жерде жүргенін айтып, тіпті Дубайда тұрып жатқанын да мәлімдеген.

Айта кетейік, отбасының жұмбақ жоғалып кеткені туралы туыстары полицияға екі ай өткен соң ғана хабарлаған. Ресми іздестіру шаралары 2025 жылғы 25 желтоқсанда басталды. 2026 жылғы 6 қаңтарда ерлі-зайыптылардың мәйіті Жангелдин ауылындағы өз сарайынан табылған.

Қылмыс жасады деген күдікпен Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғыны Сұлтан Сәрсемәлиев халықаралық іздеуге жарияланған. 13 қаңтарда күдіктімен бірге оның жұбайы – қаза тапқан отбасының кіші қызы, 30 жастағы Ақбаян Мұқанғалиева да халықаралық іздеуге берілгені белгілі болды. Әйелдің іс бойынша хабар-ошарсыз кеткен адам ретінде өтіп жатқаны нақтыланды.

Жуырда күдіктілер Индонезиядан Атырауға жеткізілді.