«Заңға қайшы екенін біле тұра, қасақана пайда тапқан»: сотта Жанабыловтардың былығы әшкере болды

Автор: Аягөз Құрмаш

Олардың бизнесі шығынға ұшыраған деген уәжі де негізсіз деді

Фото: видеодан скриншот

Астанада ерлі-зайыпты Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты істің қылмыстық өндіріске өткеннен кейінгі алғашқы сот отырысында прокурордың көмекшісі Олжас Хайруллаев Жоғарғы соттың №1 нормативтік қаулысының 23-тармағына сәйкес, сотқа келіп түскен қылмыстық іс бойынша заң нормаларын қолдану мәселелері істі прокурорға қайтаруға негіз болмайтынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Атап айтқанда, сотталушылардың әрекеттеріне берілген құқықтық саралаудың негізсіздігі туралы уәждер, айыпталушыларға қатысты жол берілетін дәлелдемелердің жеткіліксіздігі жөніндегі пікірлер, сондай-ақ мамандардың қорытындыларының шынайылығы мен объективтілігіне күмән келтіру қылмыстық істі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі тәртібімен прокурорға қайтаруға негіз бола алмайды.

«Іс материалдарына қоса тіркелген дәлелдемелер, оның ішінде сараптамалық қорытындылар, қаржылық құжаттар, жүргізілген тергеу әрекеттерінің нәтижелері және басқа да материалдар қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің бар екенін көрсететін жеткілікті деректердің бар екенін айғақтайды. Аталған әрекеттер Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі және Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамдарының белгілеріне сәйкес келеді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты 2004 жылғы 18 маусымдағы №4 нормативтік қаулысының 2-тармағына сәйкес, лицензиясыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде алынған табысты анықтау мәселелері бойынша соттар заңнаманы қолдануы тиіс», - деді Олжас Хайруллаев.

Прокурордың көмекшісі атағандай, аталған қаулының 4 және 6-тармақтарына сәйкес, лицензиясыз кәсіпкерлік немесе өзге де қызмет нәтижесінде алынған табыс ретінде мұндай қызмет жүзеге асырылған бүкіл кезең ішінде тауарларды, жұмыстарды немесе көрсетілген қызметтерді сатудан түскен жалпы түсім қарастырылады.

«Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты 2020 жылғы 24 қаңтардағы №3 нормативтік қаулысында экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша соттардың заңнаманы қолдану мәселелері түсіндірілген. Аталған қаулыға сәйкес, табыс ретінде тауарларды, жұмыстарды немесе қызметтерді сатудан алынған барлық ақша қаражаты немесе мүлік құны танылады және заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты шығындар шегерілмейді. Осыған байланысты қорғау тарапының «Жаңа Бизнес» ЖШС 2025 жылғы 21 тамыз бен 17 қараша аралығында табыс таппаған, керісінше шығынға ұшыраған деген уәжі негізсіз», - деді ол.

Тергеу барысында анықталғандай, күдіктілер өз әрекеттерінің заңға қайшы екенін біле тұра, қасақана түрде пайда табу мақсатын көздеген.

«Қаржының жұмсалуына жүргізілген талдау нәтижесінде салымшылардың қаражаттары мақсатты түрде пайдаланылмағаны анықталды. Аталған қаражаттар автокөліктер сатып алуға және басқа да мақсаттарға жұмсалған, бұл қолданыстағы заңнама талаптарына қайшы келеді. Осыған байланысты қорғау тарапының Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі бойынша қылмыс құрамы жоқ деген уәжі де негізсіз деп есептеймін», - деді прокурор.