«Ата-ананы бағу – әр баланың міндеті»: Мәжіліс депутаты Конституциядағы жаңа норманы түсіндірді

Автор: Аягөз Құрмаш

Кәмелетке толған балалар ата-анасын қарауға міндетті 

Фото: видеодан скриншот

Конституцияда кәмелетке толған балалардың ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті екені көрсетілген. Бұл норманы Мәжіліс депутаты Абзал Құспан түсіндіріп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Негізі бұл норма бұрыннан бар. Ол қолданыстағы «Неке және отбасы» туралы кодексте де жазылған. Алайда қазір бұл мәселе Конституция деңгейіне көтеріліп, оның мәртебесі артты. Өйткені ең алдымен біз отбасылық құндылықтарды, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды Конституция деңгейінде бекітіп отырмыз. Мысалы, жаңа Конституцияда «неке дегеніміз не?» деген сұраққа да нақты жауап берілген. Онда неке ер адам мен әйел адамның ерікті түрдегі одағы деп көрсетілген. Яғни бір жынысты адамдардың одағы емес, нақты ер азамат пен әйел адамның ерікті түрде құрған отбасысы ретінде айқындалған»,- дейді депутат. 

Ол атағандай, әрбір бала өз ата-анасын бағып, оларға қамқорлық жасауға міндетті екені де айтылған. 

«Әрине, кей жағдайда кәмелетке толған балалардың ата-анасын қамтамасыз етуге мүмкіндігі болмауы мүмкін. Мұндай жағдайларда мемлекет тарапынан қарастырылған әлеуметтік мекемелер бар. Мысалы, қарттар үйлері, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған балалар үйлері бар. Осындай мекемелер арқылы мемлекет өз қамқорлығын көрсетеді.Дегенмен ең алдымен ата-анасына қамқор болу – баланың міндеті болып қала береді»,- Абзал Құспан.