Ақсу ферроқорытпа зауытында қолайсыз ауа райы салдарынан цехтағы түтін мұржасының бір бөлігі опырылып түсті
Павлодар облысындағы Ақсу ферроқорытпа зауытында қатты дауылдың салдарынан өндірістік нысанның бір бөлігі зақымданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға бүгін кәсіпорын аумағында орналасқан №1 балқыту цехында тіркелген. Қолайсыз ауа райының әсерінен №15 пештің түтін шығаратын мұржасының бір бөлігі құлап түскен.
«Қазхром» трансұлттық компаниясының мәліметінше, оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Сондай-ақ зауыттағы негізгі өндірістік үдерістерге бұл жағдай әсер етпеген. Кәсіпорын қалыпты жұмыс режимін сақтап отыр.
Компания дерегінше, аталған нысанға соңғы техникалық тексеру 2023 жылы белгіленген тәртіпке сәйкес жүргізілген.
Қазіргі уақытта кәсіпорында ауа райының күрт нашарлауына байланысты жедел штаб құрылып, жауапты қызметтердің кезекшілігі ұйымдастырылған. Мамандар өндірістік нысандардың жағдайын тұрақты бақылауға алып, қауіпсіздік шараларын күшейтті.