Елімізде мектеп директорларын тағайындау жүйесі өзгереді
Басшыларға қатысты жаңа талаптар енгізіледі
Қазақстанда мектеп директорларының бірнеше жыл бойы бір орында қызмет ету жүйесі жойылады. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова білім беру саласындағы басшыларға қатысты жаңа талаптар енгізілетінін мәлімдеді, , деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда білім беру мекемелеріндегі басқару қағидаттары түбегейлі өзгеруі тиіс. Бұдан былай директорлық қызмет зейнетке шыққанша иеленетін орын болмайды.
Жаңа жоба аясында директорлардың ротациясы келесі құрылым бойынша жүзеге асырылмақ:
Қалалық мектептер үшін: «2+2» құрылымы (екі жылдан кейін жұмыс нәтижесі тексеріліп, тағы екі жылға ұзартылуы мүмкін);
Ауылдық мектептер үшін: «3+3» құрылымы жүзеге аспақ.
Бұл қадам дарынды, жас әрі креативті педагогтардың басқару тізгінін ұстауына жол ашпақ.
«Бізде директор болғысы келетін білікті, шығармашыл мұғалімдер бар. Солардың ішінен мықты менеджерлерді анықтайтын жүйе құруымыз керек», — деді министр Жұлдыз Сүлейменова «24KZ» арнасына берген сұхбатында.
Қазіргі таңда бұл мәселе арнайы жұмыс тобының аясында жан-жақты зерделеніп жатыр. Мектеп басшыларын ротациялау туралы бұйрықтың түпкілікті нұсқасы жаңа оқу жылы басталғанға дейін қабылданады деп күтілуде.