Бұл жерлерде көліктің барлық түрі үшін қозғалыс шектелді
9 наурыз күні таңертең Атырау өңіріндегі бірнеше республикалық маңызы бар тас жолда көлік қозғалысына шектеу қойылды. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жолдардың жабылу себебі мен қайта ашылу уақытын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты келесі жол учаскелерінде көліктің барлық түрі үшін қозғалыс шектелді:
1. «Ақтөбе — Қандыағаш — Доссор — Атырау — РФ шекарасы» тасжолының 621-841 шақырымдары (Атырау қаласынан Құрманғазы ауылына дейінгі аралық).
2. «Доссор — Құлсары — Бейнеу — Сай-Өтес — Шетпе — Жетібай — Ақтау» жолының 3-120 шақырымдары (Доссор кентінен Құлсары қаласына дейін).
Мамандардың болжамынша, жолдар 9 наурыз күні сағат 18:00-де қайта ашылуы мүмкін. Алайда бұл уақыт ауа райына байланысты өзгеруі ықтимал.
Төтенше жағдайлар министрлігі жолға шығуды жоспарлаған азаматтарға келесі ережелерді қатаң сақтауды ескертеді:
Дауылды ескертулерді үнемі қадағалап отыру;
Жолдардың жабылуы туралы ресми хабарламаларға назар аудару;
Түнгі уақытта алыс сапарлардан және жаяу жүруден бас тарту.