Абай облысының бүркітшісі Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды

Автор: Алмас Ерсін

Аламан сайысқа 10 мемлекеттен 30-дан астам құсбегі қатысқан

Фото: Абай облысының әкімдігі

Моңғолияның астанасы Ұланбатыр қаласында құсбегіліктен II Әлем чемпионатында отандасымыз топ жарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дүбірлі додаға 10 мемлекеттен 30-дан астам құсбегі қатысып, өз шеберліктерін сынға салды.

Аталған халықаралық жарыста Қазақстан құрамасының намысын 3 спортшы қорғады. Солардың қатарында облысымыздың тумасы, Үржар ауданының бүркітшісі Ерзат Байқадамов жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі II орынды иеленді.

Жарыс қорытындысы:

  • 1-орын – Серік Жеңісбек (Моңғолия)
  • 2-орын – Ерзат Байқадамов (Қазақстан)
  • 3-орын – Бүркітхан Хайзым (Моңғолия)

Айта кетейік, құсбегіліктен I Әлем чемпионаты 2022 жылы Абай облысының Үржар ауданында ұйымдастырылған болатын.