Түтінге толған подъезден 27 тұрғын, оның ішінде 15 бала құтқарылды
Петропавл қаласында көпқабатты тұрғын үйде шыққан өрт салдарынан 100-ден астам адам эвакуацияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өрт 2-ші Первомайская көшесінде орналасқан 5 қабатты тұрғын үйдің 3-қабатындағы пәтерде болған. Жалын тұтанған сәтте ғимараттың подъезі қалың түтінге толып, тұрғындарды шұғыл түрде сыртқа шығару қажет болды. Кейбір тұрғындар өрт сөндірушілердің арнайы баспалдақтары арқылы қауіпсіз жерге түсірілді.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға орнына құтқару бөлімшелері жедел жетіп, түтін басқан подъезден арнайы құтқару қалпақтарын пайдаланып, баспалдақ арқылы 27 адамды сыртқа алып шыққан. Олардың ішінде 15 бала бар.
Сонымен қатар құтқарушылар үйден тағы 76 тұрғынды эвакуациялады. Олардың 23-і – балалар.
Құтқарушылардың жедел әрі үйлесімді әрекетінің нәтижесінде өрт толықтай сөндіріліп, жағдай бақылауға алынды. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға салдарынан зардап шеккендер тіркелген жоқ.