Мемлекет адам құқығына кепілдік береді – сарапшы

Автор: Дәулет Ботагөз

Заңгер қолға алынған конституциялық реформаның мақсаты туралы айтты

Фото: vechastana.kz

Қолға алынған конституциялық реформаның мақсаты – халықаралық тәжірибені, сондай-ақ еліміздің жаңа дәуірге қадам басқанын ескеріп, ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғау мен оған кепілдік беру. Бұл туралы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Жамаладен Ибрагимов айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Оның пікірінше, бұл жобаның басты ерекшелігі – Конституция нормаларының азаматтарға құқықтар мен бостандықтарды беріп қана қоймай, оған кепілдікті де қоса беруі.

«Бұл жерде мемлекеттің жауапкершілігі туралы айту керек. Әрбір адам міндетті түрде мемлекеттен жауапкершілік күтеді. Осы жобадағы әрбір бапқа үңіліп қарайтын болсақ, адам құқықтары мен бостандықтардың артында мемлекеттік биліктің жауапкершілігі мен оның сол құқықтар мен бостандықтарды қорғауға берген кепілдіктері тұр», – дейді профессор.

Сонымен бірге Ж.Ибрагимов жаңа Конституция жобасының озық тұстарына тоқтала келе, ең алдымен Преамбуласын тілге тиек етті.

«Мұнда еліміздің сан жылдық эволюциялық дамыған мемлекет екені, Ұлы даладағы ұлық мемлекеттердің ізбасары екені, қоршаған ортаға аяулы көзқараспен қарап, қорғайтыны, алдына Әділетті Қазақстанды құруды мақсат етіп қоятыны, оған «Заң және тәртіп» идеологиясымен жететіні, сондай-ақ адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын құқықтық мемлекет құруды мақсат ретінде алға қойғаны тайға таңба басқандай жазылған», – дейді сарапшы.

Сондай-ақ Ж.Ибрагимов адамдардың цифрлық жеке деректері мен зияткерлік меншігінің қорғалуына қатысты ойын білдірді. Оның айтуынша, негізгі заң қабылданғаннан кейін шығармашылық еркіндікке даңғыл жол ашылып, әр ғалымның, әрбір әлеуеті бар қазақ азаматының ойлап тапқан туындысына деген авторлық құқығы Конституция деңгейінде қорғалмақ.

Бұған қоса, заңгер Конституция жобасына Миранда ережесінің енуіне назар аударды.

«Бұл – әлемдік құқықтық кеңістіктегі ең жоғары ереже. Құқық қорғау органдары кез келген азаматты күдікті ретінде ұстаса, оған өзінің құқықтарын міндетті түрде түсіндіруге тиіс. Бұл ереже үш тағаннан тұрады. Біріншісі, сіздің үндемеуге құқығыңыз бар. Екіншісі – сіз айтқан сөз тергеу барысында өзіңізге қарсы айғақ болуы мүмкін. Үшіншісі – сіздің адвокат алуыңызға құқығыңыз бар. Яғни кез келген азамат тұтқынға алынғанда өз құқықтарын білуі керек», деп атап өтті заңгер.