Абай облысында қос азаматтықпен жүрген 3 адам анықталды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Өңірде жыл басынан бері 43 адам Қазақстан азаматтығынан шығу туралы өтініш берген

Фото: inbusiness.kz / Руслан Логинов

Абай облысында қос азаматтық фактілері анықталды. Жүргізілген тексерулер нәтижесінде 3 адамның бір мезетте екі елдің азаматтығын иеленгені белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Абай облысы Полиция департаментінің мәліметінше, Қазақстан заңнамасына сәйкес елде қос азаматтыққа қатаң түрде тыйым салынған. Бұл талап «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңның 3-бабында нақты көрсетілген. Аталған нормаға сәйкес, Қазақстан азаматы үшін басқа мемлекеттің азаматтығы танылмайды.

Осыған байланысты шетел азаматтығын алған бұрынғы қазақстандықтар белгіленген тәртіпті сақтауы тиіс. Яғни басқа елдің азаматтығын алған күннен бастап 30 тәулік ішінде Қазақстан Республикасының консулдық мекемесіне немесе тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарына хабар беріп, азаматтықтан шығу рәсімін рәсімдеуі қажет. Бұл талапты орындамау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.

Полиция дерегінше, 2014 жылғы 5 шілдеде қабылданған №235-V «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 496-бабына сәйкес, мұндай құқық бұзушылық үшін 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Қазіргі есеп бойынша бұл 432 500 теңгені құрайды. Сондай-ақ заң бұзған азамат Қазақстан аумағынан әкімшілік тәртіппен шығарылуы мүмкін.

Абай облысы Полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының мәліметінше, өңірде жыл басынан бері жүргізілген тексеру барысында қос азаматтықтың 3 дерегі тіркелді. Сонымен қатар 2026 жылдың алғашқы 3 айында облыста Қазақстан азаматтығынан шығу туралы 43 өтініш тіркелген.

Көші-қон қызметі азаматтық мәселесіне қатысты заң талаптарын сақтау қажеттігін тағы да ескертті. Полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының бастығы Бауыржан Иманғажановтың мәліметінше, Қазақстанда қос азаматтыққа жол берілмейді және шетел азаматтығын алған бұрынғы қазақстандықтар бұл туралы белгіленген мерзімде міндетті түрде хабарлауы тиіс. Заң талаптарының сақталуы тұрақты бақылауда болады.