Иран Әзербайжанға дрондарымен шабуыл жасады

Автор: Асыл Арман

Әзербайжан Иранға қатысты тату көршілік саясатын ұстанып келген

Фото: Видеодан скрин

Иран Нахичеванға дрондар арқылы шабуыл жасады. Дереккөз мәліметінше, ұшқышсыз аппараттардың бірі Нахичеван әуежайының терминалдарының біріне түскен. Тағы бірнеше дрон қаланың басқа аудандарына құлаған. Сондай-ақ бір дрон Шекерабад ауылындағы мектептің маңына түскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі apa.az-ға сілтеме жасап.

Мәліметке сәйкес, қақтығыс басталғалы бері Әзербайжан Иранға қатысты тату көршілік саясатын ұстанып келген. Бұған дейін Әзербайжанның Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчиге телефон шалып, Әзербайжан аумағы ешбір көршілес және достас мемлекетке, соның ішінде Иранға қарсы пайдаланылмайтынын еске салған. Бұл туралы елдің Жоғарғы Бас қолбасшысы Ильхам Әлиев бірнеше рет мәлімдегені айтылған.

Сонымен қатар Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Иранның жоғарғы жетекшісі Әли Хаменеи қаза тапқаннан кейін көңіл айту білдірген санаулы әлем көшбасшыларының бірі болды. Мемлекет басшысы Әзербайжандағы Иран елшілігіне арнайы барып, көңіл айтты.

Бұдан бөлек, Әзербайжан Иран елшісі баспасөз конференциясын өткізіп, өз елінің ұстанымын ашық жариялай алған санаулы мемлекеттердің бірі болды. Сондай-ақ Әзербайжан Иранмен шекарадағы өткізу бекеттерінің жұмысын қамтамасыз етіп, Ираннан үшінші ел азаматтарын эвакуациялауға және ирандықтардың өз отанына оралуына жағдай жасаған.

Соған қарамастан, бүгін шабуыл нысанасына Әзербайжанның Нахичеван автономиялық аймағы алынғаны атап өтілді. Нахичеван қаласы мен оның әуежайы аумағына дрондармен соққы жасалған.