Сот кәмелетке толмаған айыпталушыны 1 жыл 4 айға бас бостандығын шектеуге кесті
Шымкент қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында билік өкіліне күш қолданды деп айыпталған жасөспірімге қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Otyrar сайтна сілтеме жасай отырып.
Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылдың қараша айында жасөспірім тұрғын үй ауласында төбелес туралы шақырту бойынша келген полицияның қызметтік көлігін теуіп, заңды талаптарға бағынбаған. Сондай-ақ ол полиция қызметкерлерінің бірінің бет тұсынан ұрып, дене жарақатын келтірген.
Сотта айыпталушының кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелер жиынтығымен толық дәлелденгені атап өтілді.
Мемлекеттік айыптаушы соттан жасөспірімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші жаза мөлшерін соттың қарауына қалдырды. Айыпталушы өз кінәсін толық мойындады.
Сот үкімімен кәмелетке толмаған азамат кінәлі деп танылып, оған 1 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.