Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды
Алматы облысының Талғар қаласында 7 баланың әкесін пышақтап өлтіріп кетті. Күдікке марқұмның әйелі мен енесі іліккені туралы ақпарат желіде жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәліметтерге сүйенсек, жанжалдың ықтимал себептерінің бірі жылқы сату мәселесіне байланысты болған.
«Алдын ала мәлімет бойынша, әйел күйеуінің рұқсатынсыз оның жылқыларын сатып жіберген. Ер адам полицияға арыз түсірген. Осыдан кейін, болжам бойынша, әйел адам анасы екеуі ұйықтап жатқан күйеуіне шабуыл жасап, оған 30-дан астам пышақ жарақатын салған», – деді адвокат.
Қайғылы оқиғаны облыстық Полиция департаменті ресми түрде растап, агенттік тілшісіне пікір білдірді.
«Отбасылық-тұрмыстық жанжал негізінде бір топ адам жасаған кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», – делінген облыстық ПД хабарламасында.