Құрылтай және халық пікірі: Астанадағы университет қызметкерлерімен жаңа Конституция жобасы талқыланды

Автор: Azattyq Rýhy

Кездесуді университеттің ректоры ашып, Жаңа Конституцияның маңыздылығына тоқталды

Фото: Жалпыұлттық коалициясы

Астанада «К. Құлажанов атындағы» Қазақ технология және бизнес университетінің қызметкерлерімен Жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған кездесу өтті. Жиынға жоғары оқу орындарының басшылары, заң саласының өкілдері және студенттер қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Жалпыұлттық коалицияға сілтеме беріп.

Кездесуді университеттің ректоры Ляззат Кемербекқызы ашып, Жаңа Конституцияның маңыздылығына тоқталды.

«Бүгінгі таңда еліміз қарқынды өзгерістер кезеңін бастан өткеріп отыр. Білім, ғылым, технология салалары жаңа сапалық деңгейге көтерілуде. Осындай жағдайда мемлекетіміздің Негізгі заңы да заман талабына сай жаңғыруы тиіс. Жаңа Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын одан әрі нығайтып, әлеуметтік әділеттілікті күшейтуге бағытталған. Бұл құжат — елдің тұрақты дамуы мен болашаққа сенімді қадам басуының кепілі», — деді ректор.

Одан кейін сөз алған «Maqsut Narikbayev University»-нің профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Әлия Әлкенқызы Жаңа Конституция жобасындағы құқықтық жаңашылдықтарға тоқталып, құжатта азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері күшейтілгенін, заң үстемдігін қамтамасыз етуге басымдық берілгенін атап өтті. Ол жаңа заңның артықшылықтарын айтып, оның қоғам өміріндегі рөлін ерекше атап өтті.

«Тұран Астана» университетінің ректоры Гүлжамал Жапарова білім беру жүйесі мен құқықтық реформалардың өзара байланысына тоқталды.

«Университеттер тек білім беретін орта ғана емес, азаматтық ұстаным қалыптастыратын алаң. Сондықтан Конституциялық өзгерістердің мәнін түсіндіру — ортақ міндет. Жаңа Негізгі заң елдің стратегиялық дамуын айқындап, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған», — деді ол.

Сонымен қатар, Астана қаласы мәслихатының депутаты Ғабит Қалиұлы Құрылтайдың халық кеңесі ретіндегі артықшылықтарына тоқталды.

«Құрылтай — қоғам мен билік арасындағы ашық диалог алаңы. Бұл формат азаматтардың пікірін ескеруге, ұлттық мүдделерді кеңінен талқылауға және маңызды шешімдерді қоғамдық келісім негізінде қабылдауға мүмкіндік береді. Құрылтай халық үнін билікке жеткізетін тиімді тетікке айналды», — деді ол.

Кездесу барысында қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Жиын мазмұнды әрі ашық форматта өтті.