Ол қазақстандық тауарларды сөрелерде еденнен 70–160 см биіктікте қою қажет деді
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай сауда желілерінде қазақстандық өнімдерге орын берілмей отырғаны айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Отандық өндірушілер қашанғы сауда желілерінің есігінен сығалап, өгейдің күнін кеше бермек. Үкіметтен қомақты субсидия алып отырса да майлы жіліктің басын мүжіп мұрты майланып отырған ірі сауда желілерінің шетелдік азық - түлік өнімдерін төрге шығарып, отандық өнімдерге қырын қарауын, қалай түсінуге болады? Қолданыстағы заңнамада сауданың барлық форматтарында отандық өнімге сөрелерде кемінде 30% орын бөлу талабы бекітілді, сондай-ақ сауда желілерін субсидиялау арқылы бұл үлесті 50%-ға дейін арттыру тетігі көзделген. Алайда іс жүзінде кез келген сауда нүктесіне кірсеңіз шынайы көрсеткіш мүлдем басқаша», - деді ол.
Оның айтуынша, қазіргі таңда қазақстандық көптеген өндірушілер ірі азық - түлік сауда желілеріне кіре алмай отыр, ал кірген күннің өзінде олардың өнімдері төменгі сөрелерге орналастырылып, импорттық тауарлар ең көзге көрінетін аймақтарға қойылады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдайды «ұятты ахуал» деп бағалады. Осыған байланысты мәселе тек бақылауды күшейтумен шектелмей, отандық өнімге нақты басымдық беретін «өнімдік патриотизм» жөніндегі кешенді мемлекеттік тұжырымдаманы әзірлеуді талап етеді»,-деді ол.
Депутат түсіндіргендей, өнімдік патриотизм – отандық тауарға нақты басымдық беретін жүйе: сатып алу мен сауда қағидалары әділ болуы, тұтынушы отандық өнімді оңай танып таңдай алуы, ал өндірушілерді бәсекеге шығаратын қолдау тетіктері жұмыс істеуі тиіс. Сондықтан басымдық мемлекеттік сатып алумен шектелмей, ұлттық компаниялар, квазимемлекеттік сектор және ірі кәсіпорындардың сатып алуында да қолданылуға тиіс.
«Импортты алмастыру шетелден тасымалды азайтып, көлік шығарындыларын төмендетеді, бұл тұрақты даму мақсаттарына толық сай келеді. Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігі, ішкі өндірісті дамыту және климаттық жауапкершіліктің өзара тығыз байланысын бірнеше рет атап өткен», - деді ол.
Аманжол Әлтай осы мәселеге орай бірнеше ұсынысын ортаға салды:
Депутат Аманжол Әлтай Сауда және интеграция министлігінен Қазақстан Республикасының ішкі нарығын қорғауды күшейту және «өнімдік патриотизмді» дамыту жөніндегі кешенді шараларды әзірлеуді сұрады.