Бурабайда есірткі таратып жүрген 2008 жылғы екі жігіт ұсталып, ұзақ жылға сотталып кетті

Автор: Асыл Арман

Прокуратура есірткі қылмысы үшін жауаптылық туралы ескертеді 

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Ақмола облысының Бурабай аудандық соты екі қылмыстық істі қарап, екі 18 жасар азаматты психотроптық заттарды заңсыз сақтау және тасымалдау фактілері бойынша кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сотта анықталғандай, 2025 жылғы қазан және қараша айларында жастар әлеуметтік желі арқылы байланысқан кураторлардың нұсқауымен аудан аумағына келген. Оларға заңсыз әрекеттерді орындау жөнінде тапсырмалар беріліп, ақшалай сыйақы уәде етілген.

Сот үкімімен әрқайсысына орташа қауіпсіздік мекемесінде 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

«Бурабай ауданының прокуратурасы заңсыз есірткі және психотроптық заттардың айналымына қатысу қатаң қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді. Интернет арқылы ұсынылатын «жылдам табыс» туралы ұсыныстар көбіне қылмыстық әрекеттермен байланысты болып, ауыр салдарға алып келуі мүмкін», – делінген прокуратура хабарламасында.