Рудныйда «Газель» жүргізушісі артқа жүріп, 2 жастағы қызды қағып кетті

Автор: Мөлдір Қазыбай

Бүлдіршін көз жұмды

Фото: Ақмола облысы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі

Қостанай облысының Рудный қаласында аулада болған жол-көлік оқиғасы салдарынан 2 жастағы қыз бала қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қайғылы жағдайды Қостанай облысы Полиция департаменті растады. Ведомство мәліметінше, оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

Алдын ала деректерге сәйкес, «Газель» автокөлігінің жүргізушісі тұрғын үйлердің бірінің ауласында кері бағытта қозғалу кезінде баланы қағып кеткен. Оқиға салдарынан бүлдіршін алған жарақаттарынан көз жұмған.

Полиция қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

«Полиция жүргізушілерді аулалар мен тұрғын аймақтарда, әсіресе кері қозғалу кезінде, барынша мұқият болуға шақырады. Балалардың қауіпсіздігі жоғары жауапкершілік пен жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды талап етеді», – делінген облыстық Полиция департаментінің хабарламасында.