БҰҰ есебі: Қазақстанның сақтандыру саласындағы жетістіктері әлем назарында

Автор: Асыл Арман

Зерттеуде Орталық Азияның басқа мемлекеттері құрғақшылық, тасқын, аптап ыстық секілді табиғи апаттарға жиі ұшыраса да, non-life сақтандыру сыйлықақыларының ІЖӨ-дегі үлесі аз екені келтірілген

Фото: istockphoto.com

Еліміздің сақтандыру нарығы кейінгі жылдары 1,7 трлн теңгеге дейін ұлғайған. Алайда климаттық қатерлер шығыны әлі де мемлекеттік бюджетке артылып отыр. Бұл туралы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) әзірлеген «Климаттық және табиғи апаттарға төзімділік: Орталық Азияда сақтандыру мен қаржылық шешімдерді әзірлеу» атты есепте айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сарапшылардың пікірінше, Орталық Азия елдері климаттық өзгерістер салдарынан зардап шегуі мүмкін ең осал аймақтардың қатарына жатады. Экстремалды табиғат құбылыстары аймақтың инфрақұрылымына, ауыл шаруашылығы мен экономикалық тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Десе де, Орталық Азия елдерінде климаттық және табиғи апаттардан қорғайтын сақтандыру деңгейі төмен деңгейде қалып отыр.

Соның ішінде сарапшылар біздің еліміздің экономикалық дамуы мен урбандалу деңгейін есепке ала отырып, бизнес пен экономикаға тәуекелдерді басқарудың неғұрлым күрделі қаржылық тетіктерін енгізуге мүмкіндік бар екенін айтады. Олар 2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде сақтандыру сыйақыларының көлемі 1,7 трлн теңгеге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 12,5%-ға артқанын, сақтандыру секторының активтері 25%-дан аса өсіп, 3,9 трлн теңгеге жуықтағанын, ал жасалған сақтандыру келісімшарттарының саны 18 миллионнан асып жығылғанын жазады.

Зерттеуде Орталық Азияның басқа мемлекеттері құрғақшылық, тасқын, аптап ыстық секілді табиғи апаттарға жиі ұшыраса да, non-life сақтандыру сыйлықақыларының ІЖӨ-дегі үлесі аз екені келтірілген.

Ал сарапшылардың айтуынша, біздің еліміз климаттық қатерлерді басқарудың инновациялық құралдарын енгізу үшін жоғары әлеуетке ие. Соның бірі – параметрлік сақтандыру мен табиғи апаттарға арналған облигациялар және климаттық облигациялар. Аталған қаржылық құралдар табиғи апаттардан туындауы мүмкін шығындарды жабу мен климаттық өзгерістерге бейімделу жобаларын қаржыландыру үшін инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар аталған зерттеуде сақтандыру тетіктерінің мемлекеттік тәуекелдерді басқару жүйесіне толыққанды интеграцияланбауы, сақтандыру өнімдері климаттық қауіптің ерекшелігін толық ескермейтіні, ауыл тұрғындары мен шағын бизнес өкілдері үшін қолжетімсіздігі секілді кейбір мәселелерді атап өтіп, сақтандыру тұрақтылығын дамыту үшін кешенді шаралар ұсынады.

Соның қатарында заңнаманы жетілдіру мен сақтандыру нарығын реттеу, тұтынушылар құқығын қорғауды күшейту, сақтандыру саласында мамандарды дайындау мен қаржылық сауаттылық бағдарламаларын кеңейту секілді бағыттар бар.