Қостанай өңірінде боранды түні жоғалып кеткен ер адам аман-есен табылды

Автор: Асыл Арман

Ол қарға белшесінен батып, шыға алмай қалған

Фото: ҚР ТЖМ/Видеодан скрин

Қостанай облысынң Б.Майлин ауданында 1982 жылы туған ер адамды іздеу-құтқару операциясы сәтті аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ер адамның жоғалғаны туралы алаңдаған туыстары хабарлаған. Анықталғандай, ол алдыңғы күні Евгеньевка ауылынан Рудный қаласына қарай жаяу шыққан, алайда жолда бағытынан жаңылып, адасып кеткен. Жоғалған азаматтың жанында ұялы телефоны болғаны жағдайды жеңілдетті, ол құтқарушылармен байланыста болып, тұрған жерінің сипатын айтып отырған.

«Жедел іздеу жұмысына ТЖД қызметкерлері, полиция және туыстары қатысты. Іздеу тобының үйлесімді әрекеттерінің нәтижесінде ер адам Белозерка ауылынан 6 шақырым қашықтықтағы далада қарға белшесінен басқан әрі тоңған күйде табылды», – делінген ҚР ТЖМ хабарламасында.

Табылған азаматқа медициналық көмек қажет болмады. Барлық қызметтердің жедел әрекетінің арқасында адамның өміріне қауіп төнген жоқ.