Даниал Ахметов Өскемен мен Семейде ауыр науқастарға арналған бөлімшелер ашуды тапсырды

Автор: Azattyq Rýhy

Облыс әкімі Өскемен қаласы, Аягөз, Жарма аудандарының әкімдері мен бас дәрігерлерінің медициналық препараттармен қамту, коронавирус инфекциясы және пневмонияға шалдыққан науқастарға көрсетілетін көмек туралы есептерін тыңдады

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты онлайн режимде жиын өткізді деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін аудан әкімдері мен облыстың инфекциялық, провизорлық стационарлары бас дәрігерлерінің және денсаулық сақтау басқармасы басшысының қатысуымен кезекті жиналыс өткіздім. Оның барысында әкімдер мен бас дәрігерлердің Өскемен қаласы, Аягөз, Жарма аудандарының медициналық препараттармен қамтылу жағдайы, сондай-ақ, коронавирус инфекциясы және пневмонияға шалдыққан науқастарға көрсетілетін көмек туралы есептері тыңдалды», - деп жазған Даниал Ахметов Instagram-дағы парақшасында.

Облыс әкімі Денсаулық сақтау басқармасының басшысы І.Мұхамеджанға 15 шілдеден бастап Семей және Өскемен қалаларында COVID-19 және пневмонияға шалдыққан науқастарға арналған мамандандырылған бөлімшелер ашуды тапсырған.

«Алдағы бірнеше күнде эпидемиологиялық жағдайды, стационарлардың жүктемесін қадағалауға, облыс ауруханаларының дәрілік ресурстарын бақылауға мүмкіндік беретін сандық қызмет іске қосылады. Біздің басты міндетіміз COVID-19 вирусының таралуын тоқтату және аймақ тұрғындарына толыққанды медициналық көмек көрсету екенін еске саламын. Өздеріңізге қамқор болыңыздар, құрметті менің жерлестерім!» - деп аяқтады сөзін аймақ басшысы.

Еске салсақ, осыдан бірнеше күн бұрын Шығыс Қазақстан облысының әкімі 5 шілдеден бастап облыстағы екі ірі қаланың карантинге жабылатынын хабарлаған еді.