Әкімнің төбелескені туралы видео әлеуметтік желіде жарияланды
Шымкентте аудан әкімі кешкі уақытта футбол ойнап жүрген сәтінде төбелескені туралы видео жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқыс оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды. Ал оған қатысты Шымкент қаласының әкімдігі ресми мәлімдеме жасады.
«Әлеуметтік желіде қаладағы аудан әкімдерінің бірі қатысқан болуы мүмкін оқиға бейнеленген видео таралып жатыр. Аталған дерек бойынша оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтау мақсатында қызметтік тексеру жүргізілетінін хабарлаймыз.
Қала әкімдігі заңдылықты сақтау, қызметтік әдеп қағидаттарын ұстану және кез келген құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеу ұстанымын басшылыққа алады. Егер таралған бейнежазбада көрсетілген жайттар расталса, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
Тексеру аяқталғанға дейін асығыс қорытынды жасамауды сұраймыз. Тексеру нәтижелері туралы қосымша хабарланады», – делінген әкімдік хабарламасында.