Суперкубок - 2026: Қазақстан футболының жаңа маусымы басталды

Автор: Темірхан Айжан

Биыл жеңімпазға алғаш рет заманауи дизайнмен жасалған жаңартылған Суперкубок табысталды

Фото: Әлихан Сәриев

28 ақпанда «Астана Арена» стадионында Қазақстан Суперкубогы үшін матч өтті. Тартысты бәсекеде қостанайлық «Тобыл» алматылық «Қайратты» пенальти сериясында қапы қалдырып, маусымның алғашқы трофейін жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Матчтың негізгі уақыты 2:2 есебімен тең аяқталды. Ойынның 6-минутында «Тобыл» сапынан Луис Герра есеп ашса, 20-минутта Александр Мрынский таразы басын теңестірді. 26-минутта «Қайраттың» жартылай қорғаушысы Яакко Оксанен алматылықтарды алға шығарды. Алайда, 89-минутта «Тобыл» капитаны Асхат Тағыберген айып добынан гол соғып, есепті теңестірді. Жеңімпаз пенальти сериясында анықталып, қостанайлық клуб 5:4 есебімен басым түсті.

Осыған дейін екі клуб та Қазақстан Суперкубогын үш реттен жеңіп алған еді. Биыл жеңімпазға алғаш рет заманауи дизайнмен жасалған жаңартылған Суперкубок табысталды.

2026 жыл Қазақстанда «Жасанды интеллект жылы» деп жариялануына байланысты, ойынның алғашқы символикалық соққысын IBot гуманоид-роботы мен «Болашақтың ойындары – 2026» дирекциясының жетекшісі Әлібек Хасенов жасады.

Суперкубокта танымал әнші Айқын Төлепберген және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан ерлер хоры жанкүйерлерге мерекелік көңіл күй сыйлады.

Астанадағы бұл матч жаңа маусымды ресми түрде ашты.