ІІМ басшысы дәрі-дәрмекті заңсыз сатқандарды анықтауға көмектескен азаматтарға алғыс айтты

Автор: Azattyq Rýhy

54 мың қаптамадан аса дәрі-дәрмек пен препарат, жарты миллионға жуық медициналық маска, 30 мыңнан астам түрлі жеке қорғаныс және дезинфекция құралдары тәркіленді

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев дәрі-дәрмектің заңсыз саудасын анықтауға көмектескен қазақстандықтарға алғыс айтты деп хабарлайды Polisia.kz

«Президенттің тапсырмасына сәйкес барлық жерде дәрі-дәрмекті қымбат бағамен сату фактілерін анықтау мақсатында рейдтер жүргізіліп жатыр. Өкінішке қарай, дәрі-дәрмек тапшылығын өз мақсатына пайдалану оқиғасы фармацевт компаниялары мен дәріханаларда, тіпті медицина ұйымдары қызметкерлерінің арасында да кездеседі. Олар дәрі-дәрмекті халыққа екі-үш есе қымбат бағаға сатқан. Біз әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы делдалдарды осы іске тарттық», - дейді Ерлан Тұрғымбаев.

Министр сөзіне дәлел болатын бірнеше мысал келтірді.

«Елордадағы дәріханалардың бірінде сатушы сөредегі дәріні заңсыз жолмен қымбатқа сатқан. Цефтриаксон, азитромицин, ингавирин, дексаметазон және басқа да қажетті препараттардың 2 300 қаптамасы тәркіленді. Ал Алматыда дәрі-дәрмекті заңсыз сату ісімен Алматы облысындағы аудандық ауруханалардың біріндегі жансақтау бөлімі меңгерушісі айналысқан. Ол ұсталған кезде оның көлігінен әртүрлі препараттардың 90 флаконы табылды. Сатылған дәрі-дәрмектен түскен 1 миллион теңге де тәркіленді», - дейді министр.

Қазіргі кезде дәрі-дәрмектің заңсыз айналымы бойынша бірінші орында Шымкент тұр.

«Анықталған заңбұзушылықтар бойынша барлық материалды Экономикалық тергеу қызметі мен Денсаулық сақтау министрлігінің уәкілетті органдарына жібереміз. Тексеру кезінде тәркіленген дәрі-дәрмек денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдарға тапсырылады. 6 күндік рейд барысында 206 заңбұзушылықтың жолы кесілді. Полицияға 185 адам жеткізілді. Олардың үштен бірі (63 адам) медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау органдарының қызметкерлері. 54 мың қаптамадан аса дәрі-дәрмек пен препарат, жарты миллионға жуық медициналық маска, 30 мыңнан астам түрлі жеке қорғаныс және дезинфекция құралдары тәркіленді. Осындай заңсыздықтарды әшкерелеуге атсалысқан азаматтардың бәріне алғысымды айтамын», - деді ІІМ басшысы.