Елордада LRT соңғы сынақтардан өтіп жатыр

Автор: Дәулет Ботагөз

Премьер-министрдің бірінші орынбасары нысанның дайындығын тексерді

Фото: City Transportation Systems

Елордадағы жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасы іске қосылудың шешуші кезеңіне өтті. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен қала әкімі Жеңіс Қасымбек нысанның дайындығын тексерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Жоба аясында аумағы 768 шаршы метр болатын біртұтас диспетчерлік орталық құрылуда. Бұл орталық тек пойыздарды ғана емес, қаланың бүкіл көлік қозғалысын реттейді: LRT қозғалысын басқару; Бағдаршамдарды реттеу; Қоғамдық көлік пен велосипед жалдау жүйесін қадағалау; Көлік деректерін сараптау және төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету.

LRT пойыздары автоматты ( жүргізушісіз) режимде жұмыс істейді. Пойыз бөлшектері Орталық Азияның суық қысына, төмен температура мен көктайғаққа арнайы бейімделген. Сонымен қатар, пойыздардың доңғалақтарында діріл мен шуды басатын резеңке төсемдер орнатылған, бұл қала тұрғындарына қолайсыздық тудырмайды.

Жолаушылар білуі тиіс басты деректер:

Қозғалыс аралығы: 5-тен 10 минутқа дейін;

Аялдамалар арасындағы уақыт: 1,5–3 минут;

Толық бағыт уақыты: «Нұрлы жол» вокзалынан әуежайға дейін шамамен 40 минутта жетуге болады.

Қазіргі уақытта «Әуежай», «Бәйтерек» және «Министрліктер үйі» аялдамаларында сынақ жұмыстары жүріп жатыр. Тестілеу тәулігіне 12 сағаттан астам уақытты алады.

LRT-ның ресми іске қосылу күні сынақтар толық аяқталған соң белгілі болады. Алайда жолаушылар тасымалы алдағы айларда басталады деп күтілуде.