Оралда дәріханалардың қызметі қатаң бақылауға алынды

Автор: Azattyq Rýhy

Облыста алыпсатарлармен күрес күшейген

Оралда дәріханалардың қызметі қатаң бақылауға алынды деп хабарлайды «Хабар 24».

Президент тапсырмасынан кейін аймақта дәрі-дәрмек бағасын қадағалау мақсатында мониторингтік топ құрылды. Олар дәріханаларды аралап, кемшіліктерді анықтауға кірісті. Өңірде препараттардың бағасын қымбаттатқан дәріханаларға шағым түсірушілер көп. Мысалы бір дәріханада парацетамол 150-170 теңгеден сатылған. Ал оның шекті бағасы – 128 теңге.

Ал дәріхана иелері бұлайша байбалам салудың қажеті жоқ деген пікірде. Сонымен бірге, антибиотиктерді тек дәрігердің рұсатымен ғана алған жөн дейді.

«Бізде әр адамға 5 данадан ғана дәрі сату жөнінде бұйрық бар. Көбі қызу түсіретін, ауруды басатын дәрілер сұрайды. Антибиотиктерді дәрігер тағайындауымен ғана сатамыз», - дейді фармацевт Надежда Лозак

Әкімдіктегілер өңірде дәрі-дәрмек қоры жеткілікті екенін айтады. Вирусқа қарсы және қызу түсіретін дәрілер саны 5 есеге артқан. Мысалы, парацетамол, аскорбин қышқылы, аспирин мен цефтриаксон секілді дәрілердің мөлшері жеткілікті екен.

«Маған кейбір дәріханаларда сатушылар дәрі-дәрмектерді кассадан тыс жерде жасырын сатқаны жөнінде ақпарат жетті. Қазір барлық дәріхана иелері мен сатушыларына өте қатаң бақылау жүріп жатқанын ескертемін. Бұл – қауіпті құбылыс. Тіпті қылмыстық жауапукершілікке тартылуы мүмкін», - дейді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Қазір облыста алыпсатарлармен күрес күшейген.

«Алыпсатарлық жағдайы анықталса, ҚР Әкімшілік кодексіне сәйкес азаматтарға және кәсіпкерлерге 200 мыңнан 3 миллионға дейін айыппұл салынады», - облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Рустам Ақмырзаев.

Монитрингтік топ өкілерінің тексерісі кезінде 2 дәріханаға айыппұл салынды.