$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.07.2020, 11:29
Жаңалықтар

Төрегелді Шарманов: Өзін індеттен сақтандыра білген адам – ұлтқа жаны ашыған адам

Академик коронавируспен күресте қазақтың ұлттық тағамдарының орны ерекше екенін атап өтті

Төрегелді Шарманов: Өзін індеттен сақтандыра білген адам – ұлтқа жаны ашыған адам

Медицина ғылымдарының докторы, академик Төрегелді Шарманов коронавирустың алдын алу, үй жағдайында емделу шаралары мен иммунитетті көтеретін ас мәзірі туралы кеңес берді деп хабарлайды Ortalyq Qazaqstan газеті.

«Бұл індет тосыннан пайда болды деп айтудың өзі ауыр. Егер, дәл солай десек, ақиқаттан ауытқып кетуіміз ықтимал. Дін саласындағылар мұны Алланың назасына балап жүр. Қисыны бар. Адамзат баласының Алладан айла асырамын деген астамшылығына Жаратушымыздың назалануы әбден мүмкін. Ғалымдар індеттің таралу жылдамдығын табиғи тепе-теңдіктің бұзылуынан іздеп жатыр. Саяси ойыннан шыққан от деп жүргендер де бар. Әйтеуір, аса қауіпті індет екенін көзіміз көріп отыр. Сақтану керек. Әр адамның жауапкершілігі, бір-бірімізге деген жанашырлық керек», - дейді академик.

Төрегелді Шарманов ұзақ жылдардан бері салауатты өмір салтын ұстанып келеді. Жаяу жүріп, жаттығу жасайды. Тамақтану рационы да біраз уақыттан бері өзгермеген. Жылқы етін жеп, қымыз ішеді.

«Адам әуелі өзіне жаны ашуы керек. Өзіне жаны ашыған адам, өзін жаман індеттен сақтандыра білген адам – ұлтқа жаны ашыған адам. Осыны естен шығармаған абзал. Бұл кеселдің психологиялық салдары өте ауыр. Біз – небір жаугершілік заманды, ашаршылық нәубетін, соғыс жылдарындағы ауыр тұрмысты көрген және жеңген рухы берік халықпыз. Мұны да жеңеміз! Қазір бізде мүмкіндік көп. Технология дамыған, білімді, білікті мамандар бар. Заман өзгерген. Бұл індеттің ең басты емі – сабыр», - дейді Төрегелді Шарманов.

Сондай-ақ, ол иммунитетті көтеру, ағзаның ауруға қарсы тұру қабілетін арттыруда қазақ ұлттық тағамдарының орны ерекше екенін атап өтті.

«Ас мәзіріңізде балық, жеміс-жидек секілді дәруменге бай тағамдар болуы қажет. Бірақ, жылқы еті мен қымыздан асқан дәрумен жоқ. Құрт қосылған сорпаның маңызы ерекше. Енді бұл жерде мынадай бір мәселе бар. Маман ретінде бір тағамның құнары, пайдасы туралы айтсаң, ертең-ақ ол тағамның бағасы шарықтап шыға келеді. Мысалы, мен жылқы етін айтып отырмын. Осы індетті жеңемін деген адамның бәрінде дәл қазір жылқы сойып алуға немесе жылқы етін сатып алуға жағдайы келмеуі мүмкін. Дәмелену бар да, оны тұтынуға дәрменнің жоқтығы бар. Бағалы нәрсеге қолы жетпеген адамның жүйкесіне салмақ түседі. Ал, жүйкенің мазасыздануы дерттің ушығуына жол ашып береді. Сондықтан, жылқы етін сатып аламын деп тыраштанудың да, сатып ала алмасаң, мазасызданудың да қажеті жоқ», дейді медицина ғылымдарының докторы.

Қанша ауыр болғанымен, қой етінің де емдік қасиеті зор деген пікірін бөлісті.

«Дәл қазіргі жағдайда «ананы ішуге болмайды», «мынаны жеуге болмайды» деген арнайы мәзір болмайды. Науқас адамның тәбеті де болмауы мүмкін. Ондай жағдайда, құрт қосылған сорпаны өзін-өзі қинаса да, ішуге тура келеді. Ағзаның қорғаныс қабілетін арттыру үшін барынша құнарлы тағам тұтыну қажет. Ол – жылқы еті, ол – қой еті, ол – балық еті, ол – көкөніс. Қымыз бен құрт қосылған сорпаны қайталап айтамын. Әсіресе, қымыз – С дәруменіне өте бай сусын. Ал, жылқы етінің құнары – бекіре балықтың етімен деңгейлес. Дәмі одан да асып түседі. Қойдың еті қорғасын екен деп, одан да қол үзуге болмайды. Мейлінше, сұйық тағамды көбірек ішу керек», дейді ғалым

Академик қазіргідей қиын шақта халықты сабыр сақтауға, жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды.

Серіктес жаңалықтары