Теміртау қаласында тұрғындар кесірінен отызға жуық үй жылусыз қалды

Автор: Дәулет Ботагөз

Олар өз беттерінше құбыр жөндемек болған

Фото: © istockphoto.com

Теміртау қаласының тұрғындары өз беттерінше құбыр жөндемек болып, соның салдарынан 26 үй жылусыз қалды. Қазіргі уақытта қала әкімдігі апатты жағдайдан шығудың жалғыз жолы ретінде үйлерді табиғи газға қосуды ұсынып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға ыстық сумен қамту желілеріндегі ақаудан басталған. Ресми мәліметке сүйенсек, бір үйдің иелері  «Оқжетпес-Т» ЖШС мамандарына ескертпестен және көршілерімен келіспестен бұрын жылу магистралін өздері жөндеуге кіріскен. Бұл әрекеттің салдарынан бүтін бір аудандағы 26 үй жылыту жүйесінен ажыратылды.

Қала әкімі Ғалым Әшімов оқиға орнына барып, жұмыс барысын бақылауға алды. Алайда тозығы жеткен жылу құбырын қалпына келтіру қиынға соқпақ.

Әкімдіктің айтуынша, тозығы жеткен жылу жүйесін мемлекет есебінен жөндеу үшін ұзақ уақыт қажет.

«Жер учаскесі жеке меншікте болғандықтан, құжаттарды рәсімдеу жұмысы тым ұзаққа созылады. Бұл жылу беруді қалпына келтіру мерзімін тежейді», — деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Ал балама нұсқа ретінде ұсынылған орталықтандырылған газ жүйесі бұл ауданда дайын тұр. Тек үйлерді желіге қосу қажет.

Биліктің «газға көшіңдер» деген ұсынысы тұрғындар арасында үлкен наразылық тудырды. Әлеуметтік желі қолданушылары инфрақұрылымның тозуына билік кінәлі екенін айтып, шығынды халықтың мойнына ілуді әділетсіздік деп санайды.

«Инфрақұрылым жылдап жаңартылмаған, енді халық өз қалтасынан қазандық орнатуы керек пе?», «Инвестициялық бағдарламалар мен тарифтегі қаражат қайда кетті?» — деп жазды қала тұрғындары.

27 ақпанда өткен кездесуде мәселені шешудің нақты тетіктері бекітілді. Тұрғындардың қаржылық жүктемесін жеңілдету үшін мынадай шаралар қабылданды:

1. 5 жылға пайызсыз бөліп төлеу: Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту орталығы арқылы газға қосылу шығынын бөліп төлеуге болады.

2. Әлеуметтік көмек: Мұқтаж жандар мен халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына бір реттік ақшалай көмек беріледі.

3. Құжаттар рәсімделгеннен кейін газ 24 сағат ішінде беріледі.

4. 6 мердігер компания қазандықтардың бірнеше нұсқасын ұсынып, кепілдік береді.

Қазіргі уақытта тұрғындар «QAZAQGAZ AIMAQ» филиалынан техникалық шарттарды алу үшін құжаттар дайындап жатыр. Қала әкімдігі жағдайды бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.