Сәбиге арнайы медициналық көмек қажет болған
«Қазавиақұтқару» ұшқыштары мен санитарлық авиация дәрігерлері Степногорск қаласынан Көкшетауға 2024 жылы туған нәрестені шұғыл эвакуациялады. Сәбиге мамандандырылған медициналық көмек қажет болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, нәрестенің жағдайына байланысты санавиация жедел ұшуды ұйымдастырған. Күрделі жағдайда әрбір сағаттың маңызы зор болғандықтан, таңдау әуе көлігіне түскен.
«Экипаж бен дәрігерлердің үйлесімді жұмысының арқасында нәресте Көкшетауға аман есен жеткізілді», — деп хабарлады ведомство өкілдері.
ТЖМ атап өткендей, құтқару тікұшақтары әрдайым көмекке дайын. Бұл әсіресе шалғай елді мекендерден науқастарды тасымалдау кезінде өте маңызды. Санитарлық авиация қызметі уақытпен санасқан сәттерде адам өмірін сақтап қалудың негізгі кепіліне айналып отыр.
Қазіргі уақытта нәресте облыстық балалар ауруханасында мамандардың бақылауында. Оның жағдайы тұрақты.