Ақтөбеде 26 жастағы қыз алаяқтардың айласына түсіп, бар қаражатын “қауіпсіз шотқа” аударған
Ақтөбеде 26 жастағы тұрғын гүл жеткізу қызметінің атын жамылған интернет-алаяқтардың құрбаны болып, 7,5 млн теңгесінен айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға мереке қарсаңында болған. Жәбірленушіге WhatsApp мессенджері арқылы белгісіз адам хабарласып, өзін гүл жеткізу қызметінің курьері ретінде таныстырған. Ол тапсырысты растау үшін телефонға келген кодты айтуды сұраған.
Қыз кодты айтқаннан кейін арада біраз уақыт өтіп, оған тағы бір бейтаныс адам қоңырау шалған. Бұл жолы ер адам өзін банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде таныстырған. Оның айтуынша, әлгі код алаяқтардың қолына түскен және қыздың атына несие рәсімделіп жатыр екен.
“Ақшаны сақтау” үшін ол қызды барлық қаражатын шұғыл түрде “қауіпсіз шотқа” аударуға көндірген.
“Алаяқтарға сеніп, олардың барлық нұсқауларын орындаған қыз 7,5 миллион теңгені алаяқтарға аударып жіберген. Қазір осы дерек бойынша күдіктілерді анықтауға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізілуде. Сақ болыңыздар және туыстарыңызды, әсіресе қарт жақындарыңызды, осындай алдау жағдайларынан хабардар етіңіздер”, – делінген полиция хабарламасында.
Полиция қызметкерлері азаматтарды сақ болуға шақырады. Мамандардың ескертуінше, SMS және push-хабарламалар арқылы келетін кодтарды ешкімге айтуға болмайды. Сондай-ақ банктер мен құқық қорғау органдары қаражатты “қауіпсіз шотқа” аударуды талап етпейді.
Мұндай күмәнді қоңырау түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, банктің ресми нөмірі арқылы өзіңіз қайта хабарласу қажет.