Италияда өткен қысқы Олимпиада ойындарының жеңімпазы туған қаласына табан тіреді
Италияда өткен қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоров Алматыға ұшып келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Түнгі уақытқа қарамастан Алматы халықаралық әуежайының терминалында спортшыны қарсы алуға жиналғандардың қарасы қалың болды. Чемпионды қала әкімдігінің өкілдері, туған-туыстары мен жанкүйерлері арнайы күтіп алды.
Алматы жұрты тарихи жүлденің иесін ыстық ықыласпен қарсы алып, құрмет көрсетті. Әуежай ішін қол шапалақ пен қуанышқа толы үндер кернеді.
Михаил Шайдоров туған жерге оралған сәттегі әсерімен бөлісіп, қолдау білдірген алматылықтарға алғыс айтты.
«Үйге жеттім-ау! Туып өскен қалама, қазір және болашақта тұратын қалама келгеніме қуаныштымын. Туған жеріңде осындай жылы лебізді сезіну - қандай сезім екенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әрдайым қолдау білдірген сіздерге алғыс білдіремін», - деді Михаил Шайдоров.
Ол алдағы уақытта да халықаралық жарыстарға қатысып, жоғары нәтижелерге ұмтылатынын жеткізді. Сондай-ақ мәнерлеп сырғанауды ел ішінде кеңінен насихаттап, осы спорт түрінің дамуына үлес қосуды жоспарлап отырғанын атап өтті.