Таиландқа демалуға кеткен қазақстандық бір айға жуық ес-түссіз комада жатты (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Жергілікті дәрігерлер оған бірнеше диагноз қойды

Фото: Instagram/help_vivtonenko_alexey

Таиландта жансақтау бөліміне түскен қазақстандық Алексей Вивтоненко есін жиды. Ол 2 ақпаннан бері ауруханада жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Tobol.Info-ға сілтеме жасап.

Өмірі үшін бір айға жуық күрестен кейін Алексей Вивтоненко есін жиды. 20 ақпанда дәрігерлер оның жағдайында оң динамика барын тіркеді. Бірнеше күннен соң науқас жасанды тыныс алдыру аппаратынан (ЖТА) ажыратылып, қазір өздігінен тыныс алып жатыр.

Vachira Phuket Hospital клиникасында оған бірқатар ауыр диагноз қойылған: сепсиспен асқынған жедел панкреатит, бүйрек зақымдануы және екі жақты пневмония. Ұзақ уақыт бойы ол медикаментозды комада болып, гемодиализ қабылдады және тасымалдауға жарамсыз жағдайда болды.

«Қазір санитарлық авиация мәселесі бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің шешімін күтіп отырмыз. Қажетті құжаттарды жинап жатырмыз. Негізгі шарт – емделуге кеткен қарызды толық өтеу. Алексейді Қазақстанға жеткізу үшін бар күшімізді салудамыз, бірақ сіздердің көмектеріңізсіз бұл қиын», – дейді жақындары.

Соңғы күндерге дейін Алексей медикаментозды комада жатып, жасанды тыныс алдыру аппаратында болды. Сондай-ақ оған гемодиализ рәсімі жүргізілді. Мұндай жағдайда науқасты тасымалдау мүмкін болмаған. Қазіргі емдеу шығындарын туыстары өз қаражатымен өтеп жатыр. Ем құны қомақты қаржыны талап етеді.

Айта кетейік, Алексей демалысқа кеткен. 31 қаңтарда өзін жайсыз сезініп, ауруханаға жүгінген. Дәрігерлер оған жүйе қойып, жағдайы біршама тұрақтанған. Алайда 2 ақпанда ер адам қайтадан ауруханаға ауыр халде жеткізілген.