Қазақстандық құтқарушылар жолда қалған шетел азаматтарына тегін ас таратты (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Құтқарушылар Самара-Шымкент тасжолында жолда қалған шет ел азаматтарына көмек көрсетті

Фото: ҚР ТЖМ/Видеодан скрин

Қазақстандық құтқарушылар Самара-Шымкент тасжолында қалған шетел азаматтарын тегін аспен қамтамасыз етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақтөбе облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты автожолдарда қозғалысқа шектеу қойылды. Соның салдарынан Хромтау ауданында республикалық маңыздағы тасжол уақытша жабылды.

Осы уақытта Мәскеу-Шымкент бағыты бойынша автобуспен жол жүріп келе жатқан шетел азаматтары жолда қалып қойды. Қиын жағдайда қалған жолаушыларға құтқарушылар жедел түрде көмек көрсетті.

Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, Қазақстан Республикасының Ұлттық Қызыл Жарты Ай қоғамы ұсынған азық-түлік көмегін таратуға атсалысты. Сонымен қатар тиісті қызметтермен бірлесіп, азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету жұмыстары ұйымдастырылды.