Өскеменді тұмшалаған түтін: күкірт диоксиді 2 есе көбейді

Автор: Мөлдір Қазыбай

Қалада екінші күн қатарынан қолайсыз метеорологиялық жағдай сақталып, ауадағы зиянды заттардың мөлшері шекті деңгейден жоғарылады

Фото: istockphoto.com

Өскеменде қатарынан екінші күн атмосфералық ауа сапасы нашарлап, зиянды қоспалардың шекті мөлшерден асқаны тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, жүргізілген мониторинг қорытындысында күкірт диоксидінің концентрациясы нормадан 2,078 есе, күкіртсутек 1,5 есе артқан. Сондай-ақ көміртегі тотығының мөлшері 1,025 есе жоғарылағаны анықталды.

Синоптиктердің хабарлауынша, 27 ақпанда да қалада қолайсыз метеорологиялық жағдай сақталады. Соған байланысты ауаның ластану деңгейі жоғары болуы ықтимал. Қазіргі уақытта ҚМЖ-ның бірінші дәрежесі жарияланған. Бұл – атмосфера толық тазармайтын, жел әлсіз соғатын кезең екенін білдіреді.

Күкірт диоксиді мен күкіртсутек – Өскемен ауасын ластайтын негізгі компоненттердің бірі. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда желдің болмауы мен жауын-шашынның түспеуі қысқа мерзімді өндірістік шығарындылардың өзіне ауа сапасына елеулі әсер етуіне себеп болады.

Экологтардың мәліметінше, ҚМЖ жарияланған кезде кәсіпорындарға бақылау күшейтіліп, өндіріс қуатын азайту жөнінде ұсынымдар беріледі. Алайда атмосфералық тұрақтылық сақталған жағдайда ластаушы заттардың жиналуы жалғасуы мүмкін.

Қала тұрғындары ауадағы өткір иіс пен жайсыздықты сезінгенін айтады. Мамандар мұндай кезеңде далада ұзақ уақыт болмауға және сақтық шараларын күшейтуге кеңес береді.